Депсің сен: қалды ғажап ұнап маған
Күн нұры көк теңізде қонақтаған.
Мақтайсың шынар ағаш сұлулығын,
Қырмызы қызыл гүлді бұлғақтаған.

Басы — адам, кейпі — арыстан тас мүсіннің
Шуақпен шомылғанын дәс түсіндім.
Қаптаған қалың фонтан шуылында
Қонғанын жыр келбетті жас құсыңның.

Сен оны айтпай-ақ қой маған, досым,
Осымен мақтанышың тәмәм болсын.
Келемін кең даланың құшағында,
Өз далам, жақсы болсын, жаман болсын.

Көрдің сен қайда мұндай кең даланы,
Қандай жер кең далама тең болады?
Қай жерде бір адамның маңдайына
Тағдыр мен бақыт солай тел қонады?!

Жол шықсақ, жолың жатыр сайрап алда,
Қатер жоқ сені кеткен айдалады,
Теңіздің толқынын да ұмыттырар
Толқыған айдын селеу айналада.

Шөлдесең, тұрма жолда, құрбым, налып,
Шеткі үйге аттың басын бұрдың анық.
Сапырып шара толы бал қымызын,
Құрметтеп сұқбаттасар тұрғын халық.

Бауырсақ үгітіліп таңдайдағы,
Тіліңді үйіреді балкаймағы.
Шертілсе домбырада күй ырғалып,
Қыздырар делебеңді қай-қайдағы.

Басқа жер сұлулығын төкпелеме,
Бәрі бір бара алмаймын өкпелеме.
Мен өзім далада өстім, қыр ұлымын,
Досым, сен өкпелейсің текке неге?..

Ибрагим Салахов
1957